"Өз ісінің шебері"
Білім беру бөлімінің жоспарына сәйкес Запорожье орта мектебінде "Өз ісінің шебері" атты директордың оқу ісі жөніндегі орынбасарларының арасында байқау болып өтті. Байқау білім беру басшысы Саутова Ақжарқын Сұлтанқызының құттықтауы мен мектеп оқушыларымен дайындалған жыр шашу рәсімімен ашылды. Байқаудың мақсаты шығармашылықпен жұмыс жасайтын директордың оқу ісі жөніндегі орынбасарларын анықтау, қолдау және марапаттау. Жаңартылған білім мазмұнына көшу аясындағы кәсіптік құзыреттілігін одан әрі дамытуға ықпал ету, аудан көлеміндегі мектептің оқу-тәрбие үрдісін және әдістемелік қызметін басқару тәжірибелерін жинақтау, тарату және насихаттау, оқу ісі жөніндегі директор орынбасарларының қарым-қатынасы, білімі мен тәжірибе алмасуын қарқындату болып табылды.
Байқауға аудан мектептерінен " мен өз жұмысымның жүйелілігін, нақтылығын, тиімділігін , жетістіктерін көрсете аламын" деген директордың оқу ісі жөніндегі орынбасарлары қатысты. Байқауға еңбек өтілі 3 жылдан асқан үміткерлер қатысуға мүмкіндік алды.
Байқаудың барлық кезеңдерінде үміткерлердің қызметі төмендегі негізгі көрсеткіштер бойынша бағаланды, ол кәсіптік құзыреттілік, мектептің әдістемелік қызметі мен мектепшілік бақылауын басқарудағы ұйымдастырушылық шеберлік, оқытудың тиімді әдістерін таңдай білу және сауатты оқыту жүйесіне енгізу, өзінің педагогикалық қызметінің тиімділігі мен нәтижелілігі.
Байқау төрт турдан тұрды. Бірінші турда байқауға қатысушылар өздерінің заңнамалық - нормативтік құжаттар бойынша тест тапсырды, екінші турда оқу практикум болды, онда ашық сабақтар талданып, ұсыныстар жасалды. Үшінші турда оқу ісінің меңгерушілері өз жұмыстарыны жүйесін түсіндіретін құжаттар жинақталған портфолио тапсырды. Төртінші турда мектептегі директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары жұмыс жасау моделін ұсынып қорғады.
Осы кезеңдерден сүрінбей өтіп, әдістемелік, оқу -тәрбие үрдісін тиімді жоспарлау дағдыларын, Мемлекеттік бағдарлама желісіндегі талаптарға сай оқу -тәрбие мақсаттарын дұрыс орындауда, мектептің мектепішілік бақылау жүйесін құруда ерекшеленіп, жүлделі бірінші орынды иеленіп "Өз ісінің шебері" атанған Калинин негізгі мектебінің директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Кожагельдина Людмила Григорьевна, екінші орынға Запорожье орта мектебінен Кабылдина Гүлбану Еңбекшілқызы, үшінші орынға Жақсы №1 орта мектебінің қатысушысы Шапиев Ерік Рамазанұлы лайық деп танылды. "Үздік кәсіби құзыреттілік" номинациясын Остров орта мектебінен Хасенова Күлзара Көңілашарқызы иеленсе, Киров орта мектебінің оқу ісінің меңгерушісі Златухина Лариса Александровна, Рентабельное орта мектебінің қатысушысы Хусаинова Бахыт Таженовна белсене қатысқаны үшін білім беру бөлімінің Мадақтама қағазымен марапатталып, барлық жүлдегерлерге бағалы сыйлықтар тапсырылды. Осы байқауды өткізуге белсене араласқаны үшін Запорожье орта мектебінің директоры Байдүйсенов Ерлан Рашидовичке және Сіз басқарып отырған ұжымға алғысымызды білдіремін!
Білім беру бөлімінің әдістемелік кабинет меңгерушісі Ерғалиева А.Е